Іздену де, зерттеу де шеберлікке барар жол

ФИЛИАЛ НАЦИОНАЛЬНОГО ЦЕНТРА ПОВЫШЕНИЯ КВАЛИФИКАЦИИ «ӨРЛЕУ» ИНСТИТУТ ПОВЫШЕНИЯ КВАЛИФИКАЦИИ ПЕДАГОГИЧЕСКИХ РАБОТНИКОВ ПО МАНГИСТАУСКОЙ ОБЛАСТИ

Іздену де, зерттеу де шеберлікке барар жол

Бүгінгі күн біз үшін қайталанбас күн болды. Оқығанды еске түсіріп, еске түскенді толықтыратын сәттердің жиынтығындай. Жалпы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-да өтіп жатқан әрбір күніміз ерекше өтуде.
Ал, осы күні орындалған барлық жұмыс заманымыздың заңғар тұлғасы, кемеңгер жазушы, астарлы ойдың иесі, өлке тарихын кең көлемде қағаз бетіне түсірген Маңғыстау Гомері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, өзі болмаса да артында мол мұрасы қалған жазушының шығармашылығын курс тыңдаушылары жан-жақты талқылады. Әр топ жазушының «Шыңырау», «Құс қанаты», «Аңыздың ақыры» шығармалары мен С.Мұқашевтың «Әбіш Кекілбайұлының ой толғамдары» жинағы бойынша іздену-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күні көпшілік сұранысына ие Қ.Шоңбайдың «Екінші болма» кітабы да назардан тыс қалмады.
Талқыға түскен шығармалардың сипаттамасы, идеясы, белгілі бір жастағы оқырманның қызығушылығын тудыру жайы, ұнайтын, ұнамайтын тұстары, оқу кезінде кездесетін қиындықтар мен өмірмен байланысы толықтай сараланды. Ой жүйеге түсіп, шығармалар топтық талқыдан өтті. Мұғалімдер өз ойларын біріктіріп, ортақ шешімге келіп, пікір алмасты. Айтылған мәселелер төңірегінде кері байланыс жасалып, ашық, жабық сұрақтарға жауап алынды. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың жазу шеберлігін тағы бір қырынан таныдық.
Түс ауа сабақты тренер Жәмиға Нәсірқызы жақында ашылған Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жалғастырды. Мұражай алыстан-ақ мен мұндалап қол бұлғап тұрғандай. Көрген де, көрмеген де арманда. Төменгі қабаттағы кіреберістің қабырғалары Ә.Кекілбаевтың шығармалары кейіпкерлерімен үндесіп, Бекет Ата және Маңғыстау туралы ғалымдардың пікірлерімен көркем безендірілген. Әбішке арналған бөлмелер ол туралы мағлұматқа толы. Мұражайдағы бала Әбіш пен дана Әбішке арналған панорамалар ерекше сезімге бөледі. Қабырғалардағы жазушы туралы мәліметтер бүкіл оның өмірін көз алдымызға жайып салғандай…
Үлкен залда теледидардан Әбіштің әр жылдары берген сұхбатын тыңдау да зор ғанибет. Әр сөзіне мән бере сөйлеуі, нақты мәселе туралы ойтолғауы, тұжырым жасауы бізге сөз қадіріне назар аудару туралы кеңес бергендей болды.
«Менің өмірімдегі Әбіш» тақырыбында тренер Жәмиға Нәсірқызы ұйымдастырған әңгіме де есте қаларлықтай болды. Әріптестеріміз жазушы туралы естеліктерімен, ізденіс жұмыстарымен ой бөлісті, тәжірибе алмасты. Мұражайдан керемет әсермен оралдық.

Айболған ШОПАНОВА,
курс тыңдаушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *