Шежіре-баян

«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ФИЛИАЛЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

Шежіре-баян

«Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгіміздің көңіліне қарамасақ – ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?!» деп, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, өткенімізден өнеге алып, кешегі өткен жақсыларымыздың есімдерін жаңғырту мақсатында ашқан «Шежіре-баян» айдарында бүгін есімі елге танымал, шәкірттеріне математиканың жілігін шағып, майын ішкізген мықты ұстаз ТОРҒАЙ ШОҢҚАЛОВ туралы айтпақпыз.
🔷 Торғай Шоңқалов 1921 жылы Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылында дүниеге келген. 10 жасында Алматыдағы О.Жәутіков атындағы математиканы тереңдетіп оқытатын республикалық дарынды балаларға арналған мектепке қабылданып, білімін шыңдайды. Ғылым жолына түсуді мақсат еткен жігіттің жолына отызыншы жылдардағы саяси науқан кесе-көлденең тұрып, университетте оқып жүрген жерінен оқудан шығарылып, 1940 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы №2 мектепте мұғалім болады. Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады. 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралады.
🔶 1945-1965 жылдар аралығында Шахта орта мектебінде математика пәнінен сабақ берген ұстаз туралы ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Торғай Шоңқаловтың сабағында бөгде дыбысқа рұхсат жоқ, тек мұғалім мен сабақ айтып тұрған оқушының ғана дауысы естіледі екен. Талабы өте жоғары болған. Оқушылар жатпай-тұрмай математиканы оқитын көрінеді. Оның бір ерекшелігі, есептің шығарылуынан бұрын, берілісін жатқа айтуды талап ететін болған. Жатқа айтпаса, «Есептің берілісін білмейсің, сонда сен не айтқалы тұрсың?» деп, әрі қарай есепті шығартпайды екен. Өзі шығармай есепті көшіріп алған баланы бірден байқап, оқушыларды түгел бір шолып шығады екен де, оған көшірткен баланы да тауып алып, екеуіне бірдей «екі» деген баға қояды екен.
🔵 Ол кісі өзіне де қатал талап қоя білген адам. Өзі жүргізетін пәндерге арналған оқулықтар мен есептер жинағындағы ереже, формула, есептердің берілген мазмұны, жауабы, қай күні қай сабақты өтетіні, тіпті қай бетте екендігі – бәрі-бәрін жадында ұстап, жатқа білетін болыпты. Әрбір сабағына өте жауапкершілікпен қарайтын болған.
Ұлағатты ұстаз «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ҚР «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. «Шоңқаловта оқыдым десең, онда институтқа түстім дей бер» деген сөз де ұстазға берілген үлкен атақ.
🔰 Шахта орта мектебін сол кезеңдерде бітірген шәкірттері үшін өмірлік үлгі мен өнеге болған ұстаз 1991 жылы дүниеден озды.
(«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ шығарған «Маңғыстау мұғалімдері» энциклопедиясы материалдары пайдаланылды)