Бастауыш мектеп пәндерінің күрделі тақырыптарын меңгеру

«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ФИЛИАЛЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

Бастауыш мектеп пәндерінің күрделі тақырыптарын меңгеру

Қашықтан оқыту кезінде бастауыш сынып оқушыларына күрделі тақырыптарды меңгерту ұстаздар қауымы үшін үлкен мәселелердің бірі болды. Әр баланың тақырыпты қабылдауы, тапсырмаларды орындауы, ақпараттық технологияларды қолдана білуі, т.б. әртүрлі дәрежеде. Бұл білім сапасына өз әсерін тигізіп, күрделі тақырыптарды меңгертуде қиындық тудырғаны рас. Осындай қиындықтардан шығу үшін мұғалімдерге кәсіби біліктіліктерін үнемі арттырып отыру өте маңызды деп есептеймін.

Мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-да 11-21 мамыр аралығында өткен «Бастауыш мектеп пәндерінің күрделі тақырыптарын меңгеру» тақырыбындағы курсқа қатыстым.

Тренеріміз Гүлнар Сәрсенғалиева күрделі тақырыптарды оқушыларға меңгерту тәсілдері, бастауыш сынып оқушыларының зертеу дағдыларын дамыту жолдары жайлы мол мағлұмат берді.

Курста оқи жүріп, «Педагогикалық технологиялар негізінде заманауи сабақты жобалау» тақырыбында өзіндік жұмысты презентация жасап қорғадым. Педагогикалық технологиялардың бірі болып саналатын «Дамыта оқу» технологиясын (Д.Б.Эльконин-В.В.Давыдов) Әдебиетік оқу сабағында қолдандым. Сабақтың мәнін ашуға, білім алушылардың барлығын сабаққа қатыстырып, көпшілігін бағалауға, өз беттерімен жұмыс жасауға, ұйымшылдық, шығармашылық белсенділіктерін арттыруға, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, жеке тұлғалық сипатын дамытуға осындай технологияларды қолдану үлкен септігін тигізеді.

Курста әріптестеріммен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік алдым.  Кейбір әріптестерім республикалық, облыстық, аудандық деңгейде өткізген сабақтарымен, бейнесабақ дайындау тәжірибелерімен бөлісті. Әріптестерімнің курстан алған білімдерін өз тәжірибелерінде қолданып, сабақ беру әдістерін түрлендіріп, кәсіби жағынан шыңдала берулеріне тілектестігімді білдіремін.

Нағима Қабақова,

Ақтау қаласының

№6 жалпы білім беру мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі