Тарихымыз

«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ФИЛИАЛЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

Институт тарихы

«Сапалы білім беру Қазақстанның индустриялдық-инновациялық дамуының негізі болуы тиіс»

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 

Қазақстан халқына Жолдауы (28.01.2011ж.)

 

Маңғыстау облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты – мемлекеттік және білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағытындағы оқу-әдістемелік орталық болып табылады. Маңғышлақ облысы 1973 жылы 20 наурызда құрылып, өлкенің қордаланған экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешуде бірнеше тарихи шешімдер қабылданып, солардың қатарында Маңғыстау облыстық халыққа білім беру бөлімі құрылды, Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты ашылды. Қазақ ССР Білім министрлігінің 1973 жылдың 3 шілдесі күнгі №276 бұйрығы және Маңғыстау облыстық халыққа білім беру бөлімінің 1973 жылдың 27 шілдесі күнгі №57 бұйрығымен институт директоры болып Нәжімеденов Асылбек Нәжімеденов тағайындалды. Алғашқы институт мекен-жайы Шевченко қаласындағы 3 «А» шағынауданында, кешкі мектептің ғимаратында орналасты. Маңғышлақ облыстық халыққа білім беру бөлімінің 1973 жылдың 27 шілдесі күнгі №58 бұйрығымен, Оқу бөлімінің бастығы С.Жаукин, облыстық «Білім» қоғамының басшысы Ө.Озғанбаев (1977ж.) секілді білікті азаматтардың басшылығымен, Маңғыстау облысының білім саласында күні бүгінге дейін жалғасқан игі бастама, құрылымдық жаңалық, идеялар жүзеге асырылуда. ОМБЖИ 2001 жылға дейінгі жұмысын ҚР білім жүйесін түбегейлі реформалау, ҚР «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарын іске асыру бағыттары мен ҚР білім және ғылым қызметкерлерінің II съезінің ұсыныстары негізінде жоспарлады.

Маңғыстау облысының таратылуына байланысты 1988 жылдың тамыз айында облыстық мұғалімдердің білім жетілдіру институты да жабылып, Шевченко қалалық білім жетілдіру орталығы болып құрылды.

Облыстың ашылуымен байланысты 1991 жылдан бастап облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты өз жұмысын одан әрі жалғастырды.

Мекеме 2006 жылдан бастап Маңғыстау облыстық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты деп аталды.

Институт жанынан 2006 жылдың қыркүйек айында «Ұстаздар үйі» ашылды.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру үшін 2012 жылы Қазақстан Республикасы БжҒМ ББЖКБАРИ және 16 облыстық, қалалық Біліктілік арттыру институттарын біріктіру жолымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты 2012 жылдан бері білім беру саласының барлық бағыттары бойынша жыл сайын облыс педагогтерінің біліктіліктерін арттыруда.