Басшылық

«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ФИЛИАЛЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

Директор

Қалиева Эльмира Ізмұханқызы Маңғыстау облысы Ералиев поселкесінде 1973 жылы 19 қазанда дүниеге келді. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік шет тілдері университетіне 1990 жылы оқуға түсіп, 1995 жылы «Шет тілі және қазақ тілі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын 1995 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Сол кезден бастап осы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті қабырғасында үзіліссіз 24 жыл бойы оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессордың міндетін атқарушы болып қызмет істеп келді. Абай атындағы Алматы мемлекетік университетінің 1998-2001 жылдар арасындағы аспиранты Эльмира Ізмұханқызына 2002 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен 2011 жылы Эльмира Ізмұханқызына доцент (ассоциативті профессор) ғылыми атағы берілді.

Университеттің ғалым хатшысы және Қамқорлық кеңестің жауапты хатшысы қызметтерін 2005-2013 жылдар аралығында атқарды.

Ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстармен шұғылданумен қатар, студенттер, магистранттар мен PhD докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда отандық білім және ғылым саласына елеулі үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен 15-тен астам болашақ ғылыми-педагогикалық кадрлар диссертацияларын дайындап, қорғады.

Осы уақытқа дейін 150-ден астам ғылыми мақаласы жарияланып, 10-ға жуық оқулық пен 2 ғылыми монография жарық көрді. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен тұжырымдары беделді шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып, халықаралық (Франция, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Белоруссия т.б. елдердің) және республикалық ғылыми конференцияларда, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының секциялық отырыстарында баяндалған.

Маңғыстау облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін 2009 жылы облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Маңғыстау облысында азаматтық қоғамды қалыптастыруға және дамытуға қосқан үлесі үшін 2018 жылы облыс әкімінің «Алғысын» иеленді.

Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін 2011 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен  марапатталды.

Э.І.Қалиева жемісті еңбек пен тынымсыз еңбегінің арқасында жоғары оқу орындарының ұстаздары арасында жыл сайын жарияланатын бәйгеде топ жарып, 2012 жылғы ҚР БжҒМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленіп, мемлекеттік грантын жеңіп алды.

Дамыған Еуропа елдерінің (Франция, Испания) озық педагогикалық тәжірибесі мен ғылыми зерттеулерімен танысу мақсатында ЮНЕСКО мен Еуропа кеңесі ұйымдастырған «Халықаралық ұйымдар мен ғылыми ынтымақтастық» бағдарламасы бойынша 2013 жылы ғылыми тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасты. Бұдан басқа, Мәскеу университетінде педагогикалық және ұйымдастырушылық инновациялары бойынша, сондай-ақ 2017 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында да біліктілікті арттыру курсынан өтті. Қазіргі таңда халықаралық онлайн курстарын (Coursera, EdX, Open2Stady және т.б.) белсенді меңгеруде.

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ директоры қызметіне 2019 жылдың ақпан айында тағайындалды.

Директордың орынбасары

Дүйсенбаева Ақзияш Төренқызы 1962 жылы дүниеге келген. Орал пединститутының филология факультетін 1984 жылы  бітірген. Педагогикалық жұмыс өтілі 35 жыл.

Негізгі жұмысымен қатар, 2000-2006 жылдары қалалық білім бөлімінің  қазақ тілі мен әдебиеті секциясының жетекшісі, қалалық  сараптау тобының  жетекшісі, қалалық, облыстық пәндік олимпиадалардың қазылар алқасының мүшесі болды. «Маңғыстау энциклопедиясы» кітабының өңделіп, қайтадан басылып шығуымен байланысты 2007 жылы кітаптың «Оқу-ағарту ісі» бөлімін қосымшалап, толықтырулар жасады.

Маңғыстау облыстық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында  2006 жылдан педагогикалық мониторинг орталығының жетекшісі, 2007 жылдың қыркүйек айынан бастап ОблБАИ директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. А.Дүйсенбаева 2003 жылы Қалалық білім бөлімінің   «Құрмет грамотасымен», 2006 жылы «Қазақ тілі» қоғамының «Алғыс хатымен»,   2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2011, 2013 жылдары  «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының «Құрмет грамотасымен», 2014 жылы «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

2013 жылдың қараша айының 31-і мен желтоқсан айының 14-і аралығында «Управление и обучение в среднем образовании» тақырыбындағы тәлімдемеден (тәжірибе алмасу, Франция, университет г.Кан Нижняя Нормандия, международный центр «Саrre») өтті.